Құрметті ата-аналар, оқушылар, әріптестер және ZAMAN School қонақтары!ZAMAN мектебіне қош келдіңіздер! Біз үшін білім беру баланың тұлғасына, оның тамырына және болашағына деген құрметтен басталады.Қазіргі мектептің міндеті — тек білім беру және оқушыны емтиханға дайындау ғана емес. Ең маңыздысы — балаға өзінің кім екенін түсінуге, өздігінен ойлауға, саналы шешім қабылдауға, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауға және үнемі өзгеріп жатқан әлемде өз орнын сенімді табуға көмектесу.Біз ZAMAN түлегін өз тілін, мәдениеті мен тарихын білетін және құрметтейтін, өзінің ұлттық болмысын терең түсінетін әрі әлемге ашық тұлға ретінде көргіміз келеді. Ол — заманауи, білімге құштар, ізденетін, сұрақ қоя білетін, ақпаратты талдайтын, өз ойын негіздеп жеткізетін, өзгелерді тыңдайтын, командада жұмыс істей алатын және өмір бойы білім алуға дайын азамат.Сондықтан ZAMAN мектебінде біз ұлттық құндылықтар мен заманауи халықаралық білім беру тәсілдерін ұштастырамыз. IB философиясы оқушының зерттеушілік және сыни ойлауын, дербестігін, қарым-қатынас жасау дағдыларын, рефлексиясы мен жауапкершілігін дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге халықаралық білім баланы өз тамырынан алыстатпауы тиіс деп санаймыз. Керісінше, ол оқушыға өзін тереңірек түсінуге, өз мәдениетін бағалауға және оны әлем алдында сенімді таныта білуге көмектесуі керек.Біздің ұстанымымыз — «Қазақ рухы – әлемдік ойлау».Ата-ана мектепке өзінің ең қымбат аманатын — баласын сеніп тапсыратынын жақсы түсінеміз. Сондықтан біз үшін оқушының тек академиялық нәтижелері ғана емес, оның күн сайын қандай адам болып қалыптасып келе жатқаны да маңызды.Осы жолда мектеп пен отбасы серіктес болып табылады. Балаға қолдау көрсете отырып, оның дербестігін дамыту; қателесуге мүмкіндік бере отырып, өз әрекетіне жауап беруді үйрету; жоғары нәтижеге ұмтылдыра отырып, адамгершілік пен өзара құрметті сақтау — біздің ортақ міндетіміз.Біз ZAMAN түлегінің мектептен тек мықты университетке түсуге дайын болып шыққанын қаламаймыз. Оның өмірге дайын болғанын қалаймыз: білім ала білетін, ойлайтын, жасампаз, ынтымақтастыққа қабілетті, қоғамға пайдасын тигізетін және қандай ортада жүрсе де өзінің құндылықтары мен мәдени тамырын сақтайтын тұлға болғанын қалаймыз.Мектебімізге келген әр бала — біз үшін үлкен сенім әрі үлкен жауапкершілік.Әр бала — аманат.ZAMAN School-ға қош келдіңіздер!Құрметпен,